Шығармашылығы » Средняя многопрофильная школа №37
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің
«№37 көпбейінді орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7 (7232) 75-11-42
Есепші:
+7 (7232) 22-29-40
Нашар көрушілер
нұсқасы
11
ақпан
2020

Шығармашылығы

Шығармашылығы

Абайдың әлеуметтік қызметі мен ақындық шығармалары дала жастарының арасында, әсіресе, белгілі болды. Көптеген жиындарда, ойын-тойда, қыз ұзатып, келін түсіргенде жыршылар мен ақындар Абай өлеңдерін айтатын. Абайдың өз ауылының қыздары ұзатылғанда өздерінің жасауларының ішінде Абайдың өлеңдері мен поэмаларының , нақыл сөздерінің қолжазба жинақтарын ала кететін болған. 

Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді.

Абайдың өлеңдер мен поэмалардан, аудармалар мен ғақлиялардан тұратын әдеби мұрасы үлкен-үлкен екі том болып басылды.

Абайдың қара сөздері жалпы тақырып, мазмұн жағынан алғанда, оның ақындық мұрасымен тығыз байланысты. Көп сөздеріңдегі ойлар, пікірлер өлендерімен ұштасып, солардың мән-мағынасын кейде қайталап пысықтап, кейде әрі қарай жалғастыра дамытып отырады. Енді бірқатар жазбаларыңда автор тың өрістерден ой толғап, табиғат пен қоғам құбылыстары, халықтың тарихы мен тағдыры, адамның жеке басының проблемалары жайындағы жаңа бір пайымдауларын алға тартады. Бұл еңбектер жанрлық, стильдік жағынан да әр алуан. Қара сөздерді алғаш жазуға отырғанда ақын ойыма келген нәрселерді жаза берейін..., кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым", — деп қаншалыкты қарапайымдылық білдірсе де, бұл жазбалар ғылыми-танымдық және әдеби-көркемдік мәні өте зор, ақынның жалпы ақыл-ой өрісін, дүниеге көзқарасын танытуда баға жетпес мағлұмат беретін аса құнды қазына болып табылады. «Абай мұрасы – қазақтың ұлттық қазынасы». Мақал-мәтелдердің бәрін ой елегінен өткізбей қолдана беруге болмайтындығын баса назарға алған. Абай бұл ойларының түйінін бесінші сөзінде де, қазақ даласында көп таралған мақал-мәтелдердің мазмұны арқылы да дәлелдеген: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен. Ол тек қана мал үшін қам жейді екен. Ал мал табу жолын біле ме? Оны да білмейді. Оның бар білетіні – малдыларды алдап, арбап, мақтап, мал жинау, егер бұл іске аспаса, алдап немесе мақтап ала алмаса, онда әкесімен болса да жауласудан тайынбайды екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшік, соған ұқсаған қылықтардың қайсысын болса да қылып, мал тапса жазалы демесек керек екен. Осындай Абай айтқан әдіспен мал тауып, халықты алдап, арбап, қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен, зорлық-зомбылықпен көгеріп, көркейіп отырмын деп санайтын адамдар бүгінгі таңда баршылық екеніне бәріміз тағы да куәгерміз.Абай алтыншы сөзінде қазақтың «бірлік пен тірлікті» қалай түсінетінін көрсеткен. «Өнер алды – бірлік, ырыс алды - тірлік» деген мақалдың пәлсапалық мәні қандай? Оны дұрыс түсіне ала ма? «Қазақ ойлайды, - дейді Абай, - бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен» деп. Осы ортақтықты бірлік деп түсінеді. «Олай болғанда байлықтан не пайда? кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік?» - деп Абай «бірлік» сөзінің мағынасын өзі ашып береді. «Жоқ,-дейді Абай, - бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы». Мызғымайтын шындықтарды айтуда Абай алдына ешқашан мақсат қылған емес.

Туған халқының өткендегі ауызша, жазбаша ескерткіштерде сақталған ақындық мұрасына терең бойлаған Абай сол мөлдір бұлақтан құнарлы нәр алып,өз поэзиясын молықтыра білді. Қазақ халқына ол кезде жете таныс бола қоймаған тәжік, әжірбайжан, өзбек сияқты шығыс халықтарының классикалық поэзиясы да Абай поэзясына прогресшіл ықпал жасады.

Ұлы ақын өлеңдері Абайдың көзі тірісінде халық арасында жатталып, кеңінен таралып, ауыз әдебиетінің жауһарына айналып үлгерді. М.Әуезовтің «қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз», – деген сөздері ақын шығармаларының қолжазба түрінде де көшіріліп таралғанын айғақтайды. Ақынның көзі тірісінде баспа арқылы жарияланған бірнеше өлеңдерін білеміз. Солардың бірі «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат деген» өлеңін Жүсіпбек Шайықсіләмұлы деген адам Абайдың атын көрсетпестен бастырған. Ол жайында М.Әуезов «Ол адам баспахана иесі байға сәлем хат жазғанда:

Бізләргә ойын арзан, күлкі қымбат,

Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат, –

деп тұрып, Абайдың ұзақ көркем өлеңін түгелімен көпе-көрнеу, әдебиет ұрысы ретінде жазып жіберген. Өз сөзі етіп бастырып та шығарған», – деп жазады.

Мұнан өзге 1886 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Көкбайдың атынан «Жаз», «Болыс болдым мінеки» өлеңдері басылып шығады. Ал осы газеттің 1889 жылғы 7-санында «Жаздыкүн шілде болғанда» өлеңі «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай аулының Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен басылады.

Абай шығармаларының толық жинағы тек ақын дүние салғаннан кейін ғана жарыққа шығады. Ақын өлеңдерін, қарасөздерін жинақтап бастыру сынды күрделі де маңызды іспен інісі Кәкітай мен баласы Тұрағұл айналысады. Бұл бастаманың күрделігі сонда, ақын көзі тірісінде өз шығармаларын кітап түрінде жинақтамаған, көпшілік өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазба ретінде жазылған нұсқалары толық сақталмаған еді. Сондықтан кітап етіп баспадан шығару келер ұрпаққа Абай мұрасын аманат ретінде қастерлеп жеткізумен маңызды болды. Ел ішінен тірнектеп жиған ұлы ақын мұрасын реттеп қағаз бетіне түсіруді Кәкітай Ысқақұлы Мүрсейіт моллаға тапсырады. Мүрсейіт Абай ауылында бала оқытқан, ақынның тапсыруымен өлеңдерін жазып алып отырған адам. Жинақталған өлеңдер саны 5 дәптерге жеткен. Жоғарыда атап кеткендей, Абай өлеңдеріне сұрау салған адамдарға да көшіріп беріп отырған. Жалпы Мүрсейіт қолжазбалары халықты ақын шығармашылығымен таныстыратын негізгі нұсқа болып табылады.

         Өзінің идеялық және творчестволық байлығының асылына келгенде, Пушкин сияқты, Абай да қалың жұртқа ортақ, сонымен бірге анық , ұлттық, халықтық ақын.

Абайдың көптеген өлеңдерінде («Қартайдық, қайғы ойладық», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Күлембайға», «Көжекбайға», тағы басқалар) надандық, дәукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бишаралығы өлтіре сыналады. Отбасыға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе, әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады.

Абай соңғы замандарда Спенсердің Опытын, Луистің, «Позитивный хикмалыған», Дрепердің Еуропаның ғылымы туралы жазғанын, Чернышевскийдің заманындағы жазылған статьялары һәм оның өмірін оқып отырушы еді.

Абай өзі жасында ғылым оқи алмай қалғанын арман етіп жазған өлеңі:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Осы өзінің өкінгендігінен балаларын орыс оқуына берді. Өзге қазақша баласын мал пайдасына, яки мақтан пайдасына бала оқытпай, бір ғана ғылым біліп шығармаққа күш салғандығын өлеңінде жазған. 

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тәмамдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің аса күшті ықпалын Абайдың өз творчествосынан іздеу керек. Мысалы, Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі өте сиректеу аударған. Солай бола тұра, оның орыс ақынымен байланысы өз творчествосында әрі терең, әрі айқын көрінеді. Оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде , махаббат иесі әйелдің жүрегін  терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар.

          Бүкіл дүниежүзінің алдыңғы қатарлы ақындық мәдениетінің маңызды элеметтерін қамтыған Абай шығармалары қазақ әдебиетін, оның бүкіл мәдениетін ғасырлық, оқшаулану, мешеулік қалпынан шығарып, жоғары тарихи сатыға көтерді. Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді.

          Қорыта келе айтарымыз, поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының тарихында тау шынарындай биік тұр. Ол қазақ халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алдыжәне бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды.