Абайдың қарасөздері
Абайдың толық жинағында 1890 мен 1898 жж. арасында жазылған бір алуан шығармалары - «Қара сөз» деп аталады. Бұл ақынның философиялық еңбегі. Барлығы 45 сөз жəне бұған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласы да қосылады.
Абайдың «Қара сөздерінің» соңғы нұсқасы Мүрсейіттің 1905, 1907 жəне 1910 жж. қолжазбалары бойынша жарияланып келген. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қара сөздердің» бұрын кеткен текстегі кемшіліктері түзетіліп, түпнұсқамен дəлдігі мүмкіндігінше қалпына келтірілген.
«Қара сөздер» деген атау өлең сөзден бөлек дүниелер мағынасын білдіреді. Өлең өнерін қазақ «Қара сөз» демейді. «Қара сөз» проза деген мағынада айтылған. Əдетте, адам ауызекі тілде өлеңді емес «Қара сөзді» қолданады.
«Қара сөз» дегеннің мағынасын белгілі ғалым жəне саясаткер Ғ. Есім: «...Абай ойына келген нəрселерін еркін айту үшін, өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол — сөз жанры. Ақынның қара сөздері — нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дəстүрге, тəсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып əуре болғанын білеміз. Абай болса, ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры, өкінішке орай, қазақ мəдениетінде өріс алмады. Сірə, оған кінəлі, Шəкəрім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын айтқаны үшін кінəлі болған заманда, əрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дəстүрін жалғастыруы мүмкін емес еді. Абай дəстүрі, яғни сөз жанры бүгінде жаңғырып, жалғасуы керек, оған алғышарт бар. Қазіргі плюрализм деп жүргеніміз, кезінде Абай қолданған ойлау тəсілі...», - деп сараптама жасап, талдап берді.
Көрнекті ғалым, профессор Х. Сүйіншəлиев Абайдың «Қара сөздерін» өте жоғары бағалай келе, өз ойын былай тұжырымдайды: а) Абайдың қара сөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек; б) Абайдың қара сөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар деп білу керек:
- Өсиет-ғақлияға Абайдың адамгершілік, мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері жəне діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: «Он үшінші», «Жиырмасыншы», «Жиырма сегізінші», «Отыз сегізінші» сөздері деуге болады.
- Тастих, немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, «Жетінші сөз», «Он жетінші сөз», «Қырық үшінші сөз», «Қырық бесінші сөз».
- Бұдан басқа «Жиырма жетініші сөзі» мен «Отыз сегізінші сөзі» де трактат үлгісіне ұқсайды. Бірақ олар терең ойлылығы жағынан жақын болса да, түрі жағынан біраз алшағырақ. Соңдықтан бұл сөздерді өсиет ретіндегі диалог-кеңес сөз үлгісіне жатқызған жөн.
- Нақыл тұспал сөз (афоризм). Қара сөздердің ішінде «Отыз жетінші сөзде» афоризмдер көп. Олар əр жерде шашылып жатыр, өлеңінде де, қара сөздерінде де, əркімнің еске алған сөздерінде де кездеседі. Оларды өз алдына тізсе, мол дүние болып шығады.
- Əңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтарында Абай кейде екі адамды не адам мүшелерін сөйлестіріп, кеңестіреді. Кейде өзі əңгіме-дүкен құрып, тыңдаушысымен не өзімен-өзі кеңесіп отырады. Біреуге сұрау қойып, жауап күтеді, не өзі екінші кісінің рөлінде толғанады. Жауабы өзінен- өзі белгілі сұрақтар қояды. Мысалы: «Төртінші», «Бесінші», «Сегізінші», «Тоғызыншы», «Оныншы», «Он екінші», «Он алтыншы», «Он тоғызыншы», «Жиырма бесінші», «Жиырма жетінші», «Отыз бірінші», «Отыз екінші», «Қырқыншы» сөздері.
- Публицистикалары: «Бірінші», «Екінші», «Үшінші», «Он төртінші», «Жиырма төртінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма тоғызыншы», «Отыз үшінші», «Отыз тоғызыншы», «Қырық бірінші», «Қырық екінші» сөздер жəне «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» мақаласы.
- Абай қазақтың болыс, билерін, байларын келеке етті, елдегі қырсыздық, еңбексіздік, надандық, тағы басқа жағымсыз істерді сынай сөйлеп, «Алтыншы», «Он бірінші», «Он төртінші». «Жиырма екінші», «Жиырма тоғызыншы», «Қырық бірінші» сөздерінде публицистиканың сын- сатира, эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын əдебиетке əкелді. Памфлетте ирониялы күлкінің, сатираның элементтері басым болады. Памфлет адамшылыққа жат қылықтарды мұқату, халықты оған қарсы қою, жақсылыққа шақыру мақсатын көздейтін публицистика. Əсіресе «Алтыншы», «Он бірінші», «Жиырма екінші», «Қырық бірінші» сөздері памфлетке ұқсайды.
- Абайдың «Он бесінші», «Он жетінші», «Он сегізінші», «Жиырма үшінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма жетінші», «Отызыншы», «Отыз бесінші», «Отыз алтыншы», «Қырық төртінші» сөздерінің көркемдік сипаты басым; əсіресе мінезсіз адамдардың (кербез, мақтаншақ) бейнесін суреттеуі əдемі шыққан. Аталған əңгімелердің бір тобы көркем дидактика, шешен толғаныс туындылары. Олар кей тұста өткір мысқылмен де қабысады. Кейбіреулері таза диалогты əңгіме. Енді біразы автордың терең толғаныстары, монологы, ақыл айтып, кеңес жасау, толғана сөйлеу ретіндегі монолог. Бəрі де сюжетсіз, белгілі бір ойды ғана білдірерлік шебер, шешен туындылар.
Абайдың қара сөздері абайтануда жанр, стиль мәселесі, қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы орны, Абай шығармашылығындағы дін жайы, дүниетаным мәселелері, т.б. жөндерден белгілібір деңгейде қарастырып зерттелді.
Мұхтар Әуезов Абайдың қара сөздері 1890 жыл мен 1898 жыл аралығында жазылған деп көрсетеді. М. Әуезов Абайдың “анық қара сөз мұрасы” отыз бес сөзден тұрады деп түйеді.
“Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді.
Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда Лев Толстойдың “Круг чтение” деп аталатын еңбегіне ұқсас” .
Абайдың үшінші сөзін билеушілер туралы Герценнің “Былое и думысына” ұқсатады.
38-ғақлият – тасдиқатта Абай жазу тілінің, басқа қара сөздердегі анық қазақты түрін өзгертіп, кітапшылап (түрікше) тың үлгі, стиль іздейді. Аят, хадистен цитат келтіреді. “Ал, осы аталғандардан басқа Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін әр заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қымбат қазына бар. Ол – Абайдың осы қара сөзді жазған тілі. Өлең сөзінде өзінің барлық шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын әдебиет тілінің дәрежесіне көтерген ұлы тарихтық еңбегі қандай болса, қара сөздерінің тілімен де Абай осындай еңбекті біздің мәдениет тарихымызға мол сіңірді.
Біздің осы күнгі сөйлеп, жазып жүрген әдебиет тіліміздің тарихы жалғыз ғана Абайдан басталады деп кесіп айтпасақ та, сондай сапалы тілді қазақтың жазба әдебиетінде анық биік белге өрлетіп шығарған Абай екені даусыз .
Белгілі әдебиет тарихын зерттеуші, абайтанушы Бейсембай Кенжебаев Абай қара сөздерінің теориялық тұрғыдан негізделуінде 1955 жылы бірнеше мәнді мәселеге назар аударды. Ғалымның қара сөз жанрлары туралы айтқан пайымдамаларында қисынды ой, дұрыс бағдар, табылған тоқтам аз емес. Алайда, осындағы көп жай абайтанудың былайғы дамуында, қарасөздердің ендігі зерттелуінде көп ескеріле бермеген. Б.Кенжебаев Абайдың қара сөздерінің “Ғақлия” деп аталып жүргеніне, тегінде Абайдың қара сөздерін ғақлия деп қана атау дұрыс емес деп уәж айтады. “Өйткені ғақлия-ғибрат, мысал жөнімен дін, мінез-құлық жайында айтылған өсиет, насихаттау сөздер. Абайдың қара сөздерінің бәрі бірдей мұндай ғибрат, мысал болып, бәрі бірдей дін, мінез-құлық туралы болып келе бермейді. Тек бірнеше сөзі (1, 15, 25, 28, 32, 34, сөздері) ғана дін, мінез-құлық туралы ғибрат, мысал – ғақлия болып келеді. Естуіміз, Абайдың өзі о баста тек осы сөздерін ғана “Ғақлия” деп атаса керек”.